“Кірмелер” һәм күрес

Есей Жеңісұлы ағаның мына мақаласы ойда жүрген нәрсені дөп басыпты. Әсіресе, күрестің жағдайы туралы ойы орынды. Күрес туралы аз-маз тарқатып айтар болсақ, біраз қызықты деректі көруге болады.

wrestling

Жалпы Қазақстан тәуелсіздік алғалы күрес түрлерінен Олимпиада ойындарында 14 медаль жеңіп алды (дзюдоны қосса 15 жүлде). Жалпы олимпиадалық медаль саны бойынша күрес екінші орында тұр. (Бірінші орында, әлбетте, бокс – 17 жүлде). Алайда осы 14 медальдің 1-еуі ғана алтын. Төрт рет балуандарымыз финалда сүрінсе, 9 мәрте қолаға қол жеткізді.

Бір қарағанда жап-жақсы көрінетін статистиканың тарқата қарағанда ауыз толтыратындай емес екенін байқауға болады. Олимп шыңын бағындырған жалғыз қазақстандық балуан – Юрий Мельниченко. Туып-өскен жері Қырғызстан. Алайда 1990 жылы Қазақстанға біржола ауысып келіпті. Мельниченко мырзаны нағыз қазақстандық (Илья секілді қазақстандық, Манезалар секілді емес) немесе “кірме” деп нақты кесіп айта алмай отырмын. Жалпы елімізге сіңірген еңбегін, қырғыз бен қазақтың айырмашылығы аз екенін ескере келе бірінші нұсқаны таңдаған дұрыс секілді. Мұны айтып жатқаным, алда сөз қылатын балуандар Қазақстанға “кірме” спортшылар.

Жоғарыда айтылған 14 медальдің жартысын “кірме” спортшылар әперді. Мысалы, 2004 Афины Олимпиадасында жеңіп алған 2 күміс пен 1 қоланы жеңіп алғандар “қазақстандық” балуандар болатын. Георгий Цурцумия – грузин, 2001 жылдан бастап Қазақстан сапында өнер көрсете бастады. Афиныда тек ақтық сында есе жіберді. Геннадий Лалиев осетиндік спортшы. Ол 1999 жылы Қазақстанға ауысып келді. Лалиев те финалда сүрінді. Мхитар Манукян Армения құрамасы сапында, тіпті, 1996 жылы Олимпиадаға қатысып үлгеріпті. 1997 жылдан бастап Қазақстан атынан жарысқа шыға бастады.

Бейжіңдегі 5 медальдің екеуін “кірме” балуандар жеңіп алды. Жалғы күмісті қанжығасына байлаған Таймураз Тигиев Владикавказдың тумасы. 2006 жылы Қазақстан сапына қосылды. Оған дейін Ресей чемпионы (2003) атанып үлгерген-ді. Қола жүлдегер Марид Муталимов Дағыстанда туылған. Қазақстан атынан қашаннан бері жарысқа қатысып жүргенінен хабарсызбын. Алайда біздің елдің атынан екі рет Олимпиадаға қатысты.

Лондонда балуандарымыз үш қола алды ғой. Соның екеуі “кірмелердің” арқасында бұйырды. Даниял Гаджиев дағыстандық спортшы. 2003 жылы жастар арасында Ресей чемпионы атанған. Ал Гюзель Манюрова Ресей атынан Афины Олимпиадасына қатысып, күміс жүлдегер атанды.

Нағыз өзіміздің балуандарға кезек берсек. Мәулен Мамыров, 1996 жыл, қола; Ислам Байрамуков – күміс, 2000 жыл; Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Мәмбетов, Елена Шалыгина – үшеуі де қола, 2008 жыл; Ақжүрек Таңатаров – 2012 жыл, қола. Міне, тәуелсіздік алғалы бері күрестен Олимпиадада қол жеткізген жетістіктеріміз осындай. Медаль саны бойынша бүкіләлемдік тізімде, Қазақстан күрестен 35-орынға жайғасқан.

Әлем чемпионатында қазақстандық балуандар 36 медальді (5 алтын, 10 күміс, 21 қола) қанжығасына байлапты. Соның 10-і жерсіндірілген спортшыларға тиесілі (2 алтын, 2 күміс, 6 қола). Әлем біріншілігінде Қазақстан қоржынына түскен медальдің ең жоғарғы сорты Мхитар Манукянға тиесілі (1999 жыл). Ал ең соңғы рет әлемде топ жарған қазақ – Бақтияр Байсейітов (1998 жыл). Содан бері отандастарымыз әлемдік аренада тұғырдың ең биігіне шыққан жоқ.

Айтпақшы, қазір балуандарымызда Рио Олимпиадасының 3 жолдамасы бар (Артас Сана, Досжан Картиков, Алмат Кебіспаев). Алда 4-6 наурыз аралығында Астанада Азия құрлығы бойынша Олимпиадаға іріктеу турнирі өтеді. Одан кейін 22-24 сәуір және 6-8 мамыр аралығында әлемдік іріктеу турнирі болады. Осы бәсекелерде Риоға баратын балуандарымыздың саны көбейеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, Бақытжан Жақсықұлов байрақты бәсекенің төрешілері құрамына енді.

Күресті өзіміздің спорт санап жүрміз ғой. Деректерге көз жүгіртсек, күрестегі табысымыз толағай емес. Бәлкім, Есей аға дұрыс айтқан секілді. Расында, күрес біздің спорт секілді емес.

Leave a comment